2025 жылы Қазақстанда жұмыс берушілер 5 514 050 жұмыскердің пайдасына 760 млрд теңге көлемінде міндетті зейнетақы жарналарын аударды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Еске салайық, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізілді. Бұл жарналар жұмыс берушілердің өз қаражаты есебінен төленеді. ЖМЗЖ мөлшерлемесі кезең-кезеңімен өседі:

  • 2024 жылы – 1,5%
  • 2025 жылы – 2,5%
  • 2026 жылы – 3,5%
  • 2028 жылға қарай – 5%

Аталған жарналар жұмыскерлерді қартайған шағында өмір бойғы қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, бұл шара әсіресе жас буынды қолдауға бағытталған. Болашақта олардың зейнетақысы үш компоненттен құралады:

  • мемлекеттен берілетін базалық зейнетақы;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз аударымдары есебінен жинақтаушы зейнетақы;
  • жұмыс берушілердің жарналары есебінен шартты-жинақтаушы зейнетақы.

Айта кету керек, ЖМЗЖ тек 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған жұмыскерлер үшін төленеді. Сонымен қатар, ҚР Салық кодексіне сәйкес жұмыс берушілердің ЖМЗЖ төлеуге жұмсаған шығындары салық салынатын табыстан шегеріледі, бұл бизнеске түсетін қаржылық жүктемені жеңілдетеді.