Желге ұшқан ақша. Павлодар облысында 140 млн теңгеге жөнделген стадион тозып кетті
Қазір жөндеуден өткен спорт нысанының жағдайы сын көтермейді. Футбол алаңының жабындысы жыртылып, қоршауы құлауға шақ тұр.Павлодар облысында үш жыл бұрын бюджеттің 140 миллион теңгесіне күрделі жөндеу жүргізілген стадионның тоз-тозы шығып жатыр, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі.
Баянауыл ауданы, Майқайың кентінің тұрғындары "Металлург" стадионына жасалған жұмыстары сапасыз екенін айтып шағымданып жатыр. Олар әкімдік қызметкерлері мердігердің жұмысына тиісті бақылау жүргізбеген дейді.
Қазір жөндеуден өткен спорт нысанының жағдайы сын көтермейді. Футбол алаңының жабындысы жыртылып, қоршауы құлауға шақ тұр. Бұған қоса, стадионда көрермен отыратын орындықтар жоқ, цемент сылағы үгітіліп жатыр. Ал спортшыларға арналған киіну орны мүлде жұмыс істемейді дейді ауылдықтар.
Нысанды қабылдап алған әкімдік қызметкерлері бастапқыда жұмыстар нормативтік құжаттамаға сәйкес жасалды деп, кейін мердігердің бірқатар кемшілік жібергенін растады. Енді құрылыс компаниясы стадионды қайтадан қалпына келтіреді.
"Бұл құрылыстың кепілдік мерзімі – бес жыл. Мердігер жүгіру жолының жаңа бетон төсеніші және тартан жабындысын қайта қалпына келтіріп, бүгінгі күні жанкүйерлер отыратын трибунаны сылап-сырлап жатыр. Ал қоршауды қалпына келтіру бойынша мердігер материалдарын әкелді, бригаданы күтіп отыр", – деді Баянауыл ауданы әкімдігінің құрылыс басшысы Руслан Махамбетов.