Қазақстан Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясының төрағасы, кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов қазіргі геосаяси жағдайда қазақстандық кәсіпкерлер бірқатар қиындыққа тап болғанын айтты. Кәсіпкер Ресейге салынған санкциялар қазақстандық бизнеске кері ықпалын тигізіп отырғанына тоқталды.

"Біз жұмыс берушілердің халықаралық ұйымына мүшеміз, одан бөлек конфедерациямыз халықаралық еңбек ұйымының делегаты. Жуырда Женева қаласында өткен сессияда біз қазіргідей шиеленіскен жағдайда бизнесті тығырықтан шығару жолдарына қатысты мәселені талқыладық. Осыған байланысты бірнеше кейс айтылды. Жалпы, біз, бизнес өкілдері халықаралық алаңдарда өз проблемаларымызды талқылаудан қашпауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Саясат – ол саясат, бірақ адамдарға тіршілік ету керек. Олардың тұрмыс жағдайын жақсарту қажет. Қазір қазақстандық бизнесті санкциялардың екінші легі көбірек толғандырып отыр", – деді Жұмабек Жанықұлов Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен XXV халықаралық экономикалық форум алаңында.

Қазақстан Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясының төрағасы Жұмабек Жанықұлов. Видеодан скриншот

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс


Кәсіпкердің айтуынша, қазір осы мәселеге қатысты қандай да бір айқындылық жоқ.

"Қазақстандағы ірі және орташа деңгейдегі кәсіпорындар шикізатты батыс елдерінен сатып алады. Олар тапсырыс қабылдар алдында тауарды "Ресейге сатпайсыңдар ма" деп күдіктенеді. Осылайша, тапсырысты қабылдаудан бас тартады, болмаса процесті ұзаққа созады. Расы керек, көптеген кәсіпорындар қазір осындай мәселелерге тап болып отыр. Қаласақ та, қаламасақ та, Ресейге қатысты санкциялар бізге кері ықпалын тигізеді", – деген Жұмабек Жанықұлов бұл мәселенің де Женева қаласында талқыланғанын айтты.

Ол жиында кәсіпкерлер санкциялардың ережелерін түсіндіруді сұрап, өтініш жасаған.

"Себебі, қазір осыған қатысты нақты бір ақпарат жоқ. Ұзынқұлақ арқылы жетіп жатқан түрлі әңгіме бар. "Мынау болады, мынау болмайды" дегендей әңгіме көп. Сәйкесінше, "орталық комбайн" ретінде Қазақстанды қарастыруды сұрадық. Біз шикізатты, жабдықтарды сатып алып, одан өнім жасап, оны шетелге, оның ішінде Ресейге де экспорттау мәселесіне назар аударуды сұрап отырмыз", – деді ол.

Кәсіпкердің пікірінше, бұл арқылы бизнестегі бірқатар мәселені шешуге болады.

Сонымен бірге форумда логистика мәселесі де сөз болды. Жұмабек Жанықұлов Қазақстанда порт болмағандықтан, сыртқы нарыққа теңіз арқылы тікелей шығу мүмкіндігі жоқ екенін атады. Бұл отандық кәсіпкерлерге екі есе қиындық әкеліп отыр. Себебі, Ресей тарапы да, өзге де шетел тараптары да Қазақстанға шектеулер қойып отыр. Бұл орайда кәсіпкер ресейлік әріптестеріне үндеу жасап, қолдау көрсетуге шақырды.