Ашық НҚА порталында білім беру саласындағы "Жайлы мектеп" пилоттық ұлттық жобасы қоғам талқысына ұсынылды. Жобаны жүзеге асыруға 2023-2025 жылдары мемлекеттік бюджеттен 2 606 596 055 мың теңге бөлу көзделген. Оның ішінде 646 535 206 мың теңге Ұлттық қордан, 1 960 060 849 мың теңге республикалық бюджет есебінен бөлінеді:

  • 2023 жылы – 499 999 715 мың теңге;
  • 2024 жылы – 1 038 388 534 мың теңге;
  • 2025 жылы – 1 068 207 806 мың теңге.

Қаражат жаңа мектептер салып, оларды технологиялық жарақтандырудан бөлек, пайдалануға берілгеннен кейін олардың күтіп ұстауға да жұмсалады.

Жоба бойынша 2026 жылға дейінгі мерзімде мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында кемінде 800 мың жаңа оқушы орнын құру көзделген. Жоба аясында 100 мың уақытша жұмыс орны мен 145 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жоба аясында бой көтеретін мектептердің ең шағыны 300 балаға арналса, ең үлкені 2500 оқушыны қамтиды деп жоспарланған.

Айта кетейік, қазіргі таңда республика бойынша оқушы орындарының ағымдағы тапшылығы 270 мыңды құрайды. Оның ішінде қалада – 167 мың орын, ауылдық елді мекендерде – 96 мың орын.


Оқи отырыңыз: