Соңғы бір айда елдің бірқатар өңірінде баспана бағасында үлкен өзгеріс бар. Әсіресе, жаңадан құрылатын облыс орталықтары – Қапшағай, Семей және Жезқазғанда баға бірден екі есе өскен, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бұған дейін 5-6 миллион теңгеге бағаланған бір бөлмелі пәтер ақысы 12-13 миллионға жеткен. Сарапшылар мұны наурызда теңгенің құнсыздануымен байланыстырып отыр. Сондай-ақ, импортқа тәуелділік, соның ішінде құрылыс материалдарының қымбаттауы әсер еткен.


Оқи отырыңыз: Жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтінім қабылдау басталды


Наурыз айында Алматыда жаңа пәтерлердің бір шаршы метрі 595 мың теңге болса, қазір 662 мың теңгеге жетіп отыр. Бір айда 11 пайыз қымбаттаған. Астанада тұрғын үй бағасы 4% қымбаттап, 410 мың теңгеге жеткен. Ал Шымкентте бір шаршы метрдің бағасы 397 мың теңгенің төңірегінде.

Сарапшылар бағаның бұлай өсуіне наурызда теңгенің әлсіреуі мен құрылыс материалдарының қымбаттауы әсер еткенін айтады. Экономикалық тұрақсыздық кезінде мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы тоқтаған. Өйткені, кәсіпкерлер шығынға батпас үшін құжаттарды қайта қарау керек болған. Алайда қазір теңге геосаяси ахуал ушыққанға дейінгі бағамына қайта оралды. Осы орайда мамандар сәуір айының соңына қарай баспана бағасы түседі деп болжап отыр. 

Алматы облысының орталығы Қапшағай болады дегелі пәтер бағасы 30-40% қымбаттаған. Риэлторлар пәтердің бір шаршы метрінің бағасы орта есеппен 300-350 мың теңгеден басталатынын айтады. Бұған дейін бір бөлмелі пәтер бағасы 6-7 миллион теңге болса, қазір бесінші қабаттағы бір бөлмелі пәтердің өзі 12 млн теңге тұрады. Алайда мамандар екі қалада да жаппай сатылымның жүріп жатқан жоқ екенін айтады. Тек бағасын сұрап хабарласатындар саны күрт өскен. Ал Қарағандыда баспана бағасы бірден 30% қымбаттаған. 


Оқи отырыңыз: Ең төмен пайыз, ең ұзақ мерзімдер: мемлекеттік ипотекалардың толық тізімі


"Қаңтар оқиғасы мен Украинадағы жағдай елдегі баспана бағасына қатты әсер етті. Құрылыс материалдарының бағасы күрт өсіп, жаңа үйлердің сатылымы тоқтады. Ал салынып біткендердің бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Есесіне наурыздан бері ескі үйлер бағасы арзандады. Мысалы, қала орталығынан екі бөлмелі пәтер бағасы бір ай бұрын 21 миллион теңге төңірегінде болса, қазір 17-18 млн теңгеге алуға болады", – деді "ЦАН" жылжымайтын мүлік агенттігінің маманы Анна Нетовканая. 

Жаңадан құрылатын Ұлытау облысында баспана бағасы халық көші-қонына байланысты болмақ. Мамандар Жезқазғанға халық көп көшіп келсе, онда үй құны бірден 2-3 есе шарықтайтынына сенімді. Қазір Жезқазғанда екі бөлмелі пәтер бағасы 12-13 миллион теңгенің айналасында. 

Абай облысының орталығы болатын Семейде ескі үйлердің өзі де қымбат. 90-жылдары салынған үйлердің бағасы 20% өссе, 2000 жылдардан бері қарай салынғандардың бағасы 30% көтерілген. Алайда сауда-саттық тоқтап тұр. Өйткені, қаладағы үйлердің 70%-ы әбден ескіріп, несие бағдарламаларының талабына сай келмейді. Ал тұрғындар қымбатшылықтың қолдан жасалғанын айтады.