Жетісу облысында Сиверс алмасының гүлдеуіне орай халықаралық фестиваль өтеді
2 мамырда Жетісу облысында "Сиверс алмасының гүлдеуі" халықаралық фестивалі болады. Оның аясында Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан және Түркиядан келген қылқалам шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Шара Жетісу Алатауының баурайында, "Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" аумағында ұйымдастырылады. Нақты мекен-жайы: Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Тополевка ауылы. Шара сағат 11-де басталады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестивальде белгілі өнер жұлдыздары Қуандық Рахым мен Баян Сұлу өнер көрсетсе, Гиннестің рекордтар кітабының 7 дүркін рекордшысы Сергей Цырульников фестиваль қонақтарына арнайы бағдарлама әзірлеп отыр. Одан бөлек, этноауылда Қолөнершілер көрмесі, ұлттық ойындар, шеберлер жәрмеңкесі және танымдық ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Сиверс алмасы – қазіргі барлық мәдени алма сұрыптарының арғы тегі. Оның гүлдеу кезеңінде тау бөктерлері ақ-қызғылт реңктерге боялып, ерекше табиғи көрініс қалыптастырады. Бұл өз кезегінде экологиялық туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасайды.