Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы: 195 жүргізуші 1,7 млрд теңгеге көлік мінді
Қарыздың орташа мөлшері 8,7 млн теңгені құрады.2023 жылғы 22 ақпандағы жағдай бойынша Бағдарламаға қатысушы банктер пулға қатысушылардың 5,171 млрд теңге сомаға 569 өтінімін мақұлдады. Олардың жалпы саны – 761 адам, деп хабарлайды "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ баспасөз қызметі.
Жеңілдетілген автонесие аясында 195 қатысушыға 1,696 млрд теңге сомаға автомобильдер берілді. Қарыздың орташа мөлшері 8,7 млн теңгені құрады.
"Өтінімнің қолданыс мерзімі – 60 күн. Осы мерзімде пул қатысушылары жеңілдетілген автонесиені рәсімдеуі тиіс. Мерзім аяқталғаннан кейін пайдаланылмаған қаражат бағдарламаға әлеуетті қатысушылардың санын ұлғайту үшін келесі пулды қалыптастыруға бағытталатын болады", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: 4% автонесие: Наурызда телефон арқылы өтініш беруге бола ма?
Бағдарлама бойынша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, азаматтар Call-орталықтың 8 (7172) 79 64 40 телефонына хабарласа алады.
Жаңа пулдың құрылған күні, қаржыландыру көлемі алдын ала жеке хабарламамен хабарланатын болады, сондай-ақ қордың сайтында және әлеуметтік желілердің ресми парақшаларында жарияланады.