Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем көлігін жүргізушілердің жалақысын арттыру мақсатында Үкіметтің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" қаулысына өзгертулер енгізуді жоспарлап отыр.

Оған сәйкес, жедел медициналық көмек станциясының жүргізушілері, мобильді бригадалардың жүргізушілері және медициналық авиация жүргізушілеріне базалық лауазымдық айлықақының 200 пайызы (35 394 теңге) мөлшерінде жаңа қосымша ақы белгілеу көзделген.

Министрліктің түсіндіруінше, соңғы уақытта жедел жәрдем көлігін жүргізушілерінің арасында жалақының төмендігіне байланысты Жаңаөзен қаласында, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында ереуілдер болған.


Оқи отырыңыз: 


"Денсаулық сақтау министрлігі ерекше еңбек жағдайлары үшін базалық лауазымдық айлықақыдан 200% мөлшерінде жаңа қосымша ақы белгілеуді ұсынады. Міндетті түрде алғашқы көмек курстарынан өтуге жататын медициналық білімі жоқ адамдардың контингентіне медициналық білімі жоқ денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері, оның ішінде жедел жәрдем жүргізушілері де кіреді" делінген Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндірме жазбасында.

Министрліктің дерегінше, қосымша ақыны 11 мыңнан астам адам алады. Бұл үшін 2023-2025 жылдары бюджеттен 13 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылады.

Құжат жобасы 28 наурызға дейін жария талқыға ұсынылған.