Жатақхана, оқу ғимараты, жер учаскелері. Депутат Алматыдағы аграрлық университеттің қолды болған мүлкін қайтаруды сұрады
Депутаттың дерегінше, 2001-2022 жылдары жатақхана, оқу-зертханалық корпус, әкімшілік-шаруашылық ғимараттар және жер учаскелері қолды болып кеткен.Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдап, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің заңсыз шыққан активтерін оқу орнына қайтаруды сұрады.
Депутаттың дерегінше, 2001-2022 жылдары 1000 төсек-орындық 3 студенттік жатақхана, 18 828,5 шаршы метр 5 оқу-зертханалық корпус, 700 шаршы метрлік әкімшілік-шаруашылық ғимараттар және өзге де жылжымайтын мүлік объектілері, университет ғимараттарына іргелес шамамен 5 гектар болатын жер учаскелері, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан оқу-тәжірибелік шаруашылығындағы 12 гектар жер учаскелері қолды болып кеткен. Мәжілісменге бұл деректерді университетінің бір топ оқытушы-ғалымы берген.
"Осы ғимараттарды иеленген заңды тұлғалар оқу корпустарының аумағында тұрғын үй кешендерін салып, студенттердің, оқытушылардың мазасын алып, жатақханаларды қонақ үй етіп қайта жабдықтаған, караоке, басқа да ойын сауық орындарын жасап, жын-ойнаққа айналдырған. Кейбір оқу корпустарын бизнес орталықтарға айналдырған. Университет ұжымы активтерді сату немесе оларды сенімгерлік басқаруға беру туралы барлық шешімдер ректор Т.И.Есполовтың тұсында қабылданғанын жеткізіп отыр", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: Президент шетелден қайтарылған активтер мен мүліктердің қолды болып кетпеуін ескертті
Осы ретте Ерлан Саиров Бас прокуратураны аталған ғимараттардың мемлекет меншігіне қайтаруға және 2001-2022 жылдары оқу орнын басқарған шенеуіктердің заң алдында жауапкершілігін анықтауға шақырды.