Жасырын табыс мәселесі: ажырасқанда банк шотындағы ақша жария етіле ме?
Қазақстанда ерлі-зайыптылардың бір-бірінің банктік мәліметтеріне қол жеткізу құқығы талқыланып жатыр. Бұл мәселе қазір Қазақстан Республикасының Конституциялық соты қарауына түсті, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Даудың туындауына ажырасқаннан кейін бұрынғы жұбайының некеде жүрген кездегі табысы туралы мәлімет ала алмаған әйелдің өтініші себеп болған. Ол банк құпиясына байланысты заң нормалары ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне қатысты құқықтарын шектейді деп санап, соттан оны тексеруді сұраған.
Қазіргі таңда адамдар негізгі жұмыстан бөлек түрлі жолмен табыс табады: біреулер жеке көлігімен жолаушы тасымалдаса, енді бірі онлайн қызметтер арқылы ақша табады. Бұл қаражаттың басым бөлігі банк есепшоттарында сақталады. Алайда ажырасқан жағдайда сол қаражаттың ортақ мүлік ретінде бөліске түсе ме деген сұрақ жиі туындайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес банк құпиясы тек шот иесіне немесе оның келісімімен үшінші тұлғаға ғана беріледі. Сондықтан бұрынғы жұбайының қаржысы туралы ақпаратты алу көп жағдайда мүмкін болмайды.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл норма азаматтың жеке өмірі мен қаржылық деректерін қорғау мақсатында енгізілген.
"Жеке адам ретінде қарастырылғаннан кейін, зайыбы немесе бала-шағасы міндетті түрде оның барлық табысын білуге тиіс деген талап жоқ. Қандай табыс түрі болса да – негізгі, қосымша немесе жасырын табыс – бәрі жеке қарастырылады. Қолданыстағы Конституцияның 18-бабына сәйкес әр адамның банк есепшоттарын құпия ұстауға құқығы бар", – дейді заңгер.
Алайда арызданушы азаматша некеде жиналған қаражат заң бойынша ортақ мүлік саналатынын алға тартады. Оның пікірінше, банк құпиясы туралы норма бұл ақпаратты алуға кедергі келтіріп отыр.
Қазір Қазақстан Республикасының Конституциялық соты өтінішті қарауға қабылдаған. Егер сот бұл мәселе бойынша шешім қабылдаса, банк құпиясы мен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі арасындағы құқықтық шекара нақты айқындалуы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Конституциялық соты 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде органға 15 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың арасында салық, неке және отбасы қатынастары, зейнетақы, әлеуметтік төлемдерге қатысты түрлі даулар бар. Сот шешімдерінің нәтижесінде бірқатар заң нормалары қайта қаралып, кейбірі Конституцияға сәйкес емес деп танылған.