Жастардың үштен бірі жыныстық қатынас кезінде сақтанбайды – зерттеу қорытындысы
Қазақстанда ерте жүктілік пен жыныстық аурулардың көбеюі дәрігерлерді алаңдатып отыр.Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ДДCҰ Еуропа аймақтық бюросының есебіндегі Қазақстанға қатысты маңызды мәліметтерді жария етті.
Зерттеу бүкіл әлемде де, оның ішінде Қазақстанда да жастар арасында жыныстық қатынас кезінде сақтық үшін презерватив қолданатындардың үлесі азайғанын көрсеткен.
Зерттеу деректері бойынша жыныстық жағынан белсенді 15 жастағы жас жігіттердің 35 пайызы қорғалмаған жыныстық қатынасқа түседі.
"Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ескертетіндей, жастар үшін күтпеген жүктілік, қауіпті түсік тастау және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жұқтырудың жоғары қаупі сияқты ұзақ салдарға әкелуі мүмкін. Деректер қорғалмаған жыныстық қатынастың қатты жиілеуі сексуалды денсаулық саласында білім беруді қоса алғанда, тиісті жасқа кешенді жыныстық білім беруде және контрацепция түрлерінің қолжетімділігінде үлкен олқылықтардың болуын көрсетеді", – делінген орталықтың хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Ата-ана баласымен ашылып әңгімелесуге ұялады. Жастардың жыныстық сауатын қалай арттырамыз?
ДДСҰ зерттеуі 2014-2020 жылдар аралығында жүргізілген.
Оның ішінде 2018 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда Қазақстандағы жаңа деректер жыныстық қатынас кезінде презерватив қолдану туралы айтқан жасөспірімдер саны айтарлықтай төмендеген. 2018 жылы 15 жастағы жас жігіттердің 71 пайызы соңғы жыныстық қатынас кезінде презерватив қолданған болса, 2022 жылы олардың 60 пайызы презерватив қолданған.
"Мұндай алаңдатушылық тудыратын үрдісті жою және жастар арасында қауіпсіз жыныстық мінез-құлық туралы білімді арттыру бойынша мақсатты шараларға деген үлкен қажеттілік туындап отыр. Күтпеген жүктіліктің және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу үшін қоғамдық денсаулық саласындағы мамандардың, медицина қызметкерлерінің, ұстаздар мен ата-аналардың алдында жастарға репродуктивті денсаулық мәселелері жөнінде ағарту жұмысын жүргізу міндеті тұр", – деді ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова.