Қазақстанның медиа нарығы өзінің дамуында бірнеше жылға артқа қалуы мүмкін. Елдің жетекші телеарналары кіретін Орталық Азия жарнама қауымдастығының мүшелері осылай алаңдауда. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа букмекерлік кеңселер мен рецептсіз сатылатын дәрі-дәрмектерді теледидарда жарнамалауға тыйым салу мүмкіндігін қарастырып жатқан Мәжілістің жұмыс тобына медиа-нарық өкілдерін қосуды сұрап, үндеу жазған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған үндеуге Орталық Азия жарнама қауымдастығының барлық мүшелері қол қойды. Бұл ұйымға еліміздің КТК, Еуразия бірінші арнасы және тағы да басқа ірі телеарналары да кіреді.

Медиа-индустрия өкілдері букмекерлік компаниялар мен рецептсіз сатылатын дәрі-дәрмектерді жарнамалауға ішінара ғана шектеулер енгізуді ұсынып отыр, өйткені жарнамаға толық тыйым салу миллиардтаған доллар шығынға әкеледі. Бұқаралық ақпарат құралдары нарығының табысы үштен біріне қысқарады. Соның салдарынан қызықты, сапалы тележобаларды түсіруге қаражат болмай қалады.

"Олар енгізгісі келетін шектеулер, біздің ойымызша, қоғамға пайдасы тұрғысынан дұрыс бағаланбаған. Біз нақты және әділ таразылау үшін сарапшылар мен медиа саласының мамандарын бұл шектеулердің пайдасы мен келтіретін зияны туралы талқылауға шақырғымыз келеді", – деп түсіндірді қауымдастықтың атқарушы директоры Анна Тютькова.

Сарапшылар жасөспірімдер аудиториясы көрмеуі үшін жарнамалық роликтерді көрсетуге толық тыйым салудың орнына, түнгі уақытта көрсетуді, сонымен қатар кепілдендірілген ұтыс туралы және емделуге толық кепілдік беру туралы сөз тіркестерін қолданбауды ұсынып отыр.

"Букмекерлік кеңселер мен рецептсіз сатылатын дәрі-дәрмектерді жарнамалауға тыйым салу қандайда бір түрде тұтынуға әсер ете ме? Жоқ, бұл қайта бөлуге әсер етеді. Қазір олар фармацевтердің жарнамасына тыйым салу туралы айтып жатыр. Фармацевтердің осыншама қаражаты қайда жұмсалатын болады? Ол интернетте көрсетілетін жарнамаға немесе дәріханадағы фармацевтке жұмсалады. Дәріханаға барсаңыз – теледидардан жөтел туралы жарнамалаған дәрі-дәрмекті көрмейсіз: оны Денсаулық сақтау министрлігі және тиісті мекемелер  талай рет тексерген. Ал фармацевт сізге: "Бұл дәрі жақсы, ал бұл дәрі жақсы емес" дейді немесе сізге ол туралы дәрігерлер айтады, яғни ол дәрі-дәрмекті фармацевтер мен дәрігерлер жарнамалайтын болады. Оның жақсы немесе жаман екенін айту – өте қиын", – деді "VI Қазақстан" жарнамалық компаниясының бас директор Ильмурад Джумаев.


Оқи отырыңыз: Несие беретін ұйымдар жарнамада пайыздық мөлшерлемесін көрсетуге міндеттеледі


Егер нақты сандар туралы айтатын болсақ, Орталық Азия жарнама қауымдастығының сараптамалық кеңесінің мәліметі бойынша, букмекерлік компаниялар мен рецептсіз сатылатын дәрі-дәрмектерді жарнамалауға толық тыйым салынған жағдайда медиа нарық жылына 25 миллиард теңгеге дейін шығынға ұшырайды. Бұл шығарылатын контенттің сапасын айтпағанда, бүкіл медиа нарығының тоқырауына, одан кейін құлдырауына әкелетіні сөзсіз.