Жаркент мешіті және Вознесенск шіркеуі ЮНЕСКО бүкіләлемдік мұраларының алдын ала тізіміне енді
Жаркент мешіті және Вознесенск шіркеуі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра нысандарының алдын ала тізіміне (Tentative List) енгізілді, деп хабарлады мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
Жаркент мешіті ХІХ ғасыр соңындағы діни сәулет өнерінің бірегей ескерткіші саналады. Сонымен қатар, оны ислам сәулет дәстүрі мен Шығыс Азия құрылыс өнері синтезінің жарқын мысалы деуге болады.
Инженерлік және көркемдік әдіс-тәсілдерімен танымал болған Вознесенск шіркеуі – ХХ ғасырдың басындағы православ ағаш сәулет өнерінің озық үлгісі.
"Бұл нысандардың тізімге бірге ұсынылуы Қазақстанда мәдени әралуандықтың бар екенін аңғартады. Сондай-ақ, Орталық Азия аймағында ислам және христиан дәстүрлерінің үйлесімді түрде қатар дамығанын, бір-біріне ықпал етудің тарихи тәжірибесі қалыптасқанын көрсетеді. Мешіт пен шіркеудің алдын ала тізімге енгізілуі – Қазақстанның мәдени мұраларын сақтау және оларды дәріптеу ісінің маңызды кезеңі. Бұл қадам ЮНЕСКО-ның рәсімдері мен талаптарына сәйкес номинация құжаттарын әзірлеуге негіз болады", – деп жазды Ерлан Қарин.