Жандарбек Бекшин: Биыл ЖРВИ-дің қалада таралу деңгейі былтырға қарағанда 4 есе жоғары
ЖРВИ-мен қатар қалада тұмау көп тіркелуде.1 қазаннан бастап 37 дәлелденген сынамадағы H3N2 тұмауының нұсқасы зерттелді. Бұл тұмаудың басы ғана десек те болады. Сондай-ақ, биыл ЖРВИ жағдайы көбейді, деп мәлімдеді Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
"Дәл қазір Алматы қаласында Sputnik-V, Vero Cell, Pfizer және отандық QazVaq екпелері бар. Басқа түрлері белгісіз, әзірге осы 4 түрін пайдаланамыз. Сәуір айында екпе салу маусымын бастаған кезде алдымызға оны Алматы тұрғындарының 70%-ына саламыз деп мақсат қойдық. Бұл мөлшер коронавирустық инфекцияның таралмауы үшін қажет. Бүгінгі таңда осы көрсеткішке жетуге әрекет етіп жатырмыз", – деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали.
Сондай-ақ, маман қалада коронавирустық инфекцияның таралуына шеткі аймақтардан кіріп-шығатын азаматтардың әсері бар екенін айтып өтті.
"Біз үнемі Алматының үлкен мегаполис екенін айтамыз. Жақын маңдағы өңірлерден қалаға кіріп-шығатын азаматтар болады. Мысалы, шамамен 2 миллионға жуық азамат тұрақты тұрып жатса, оның үстіне тағы 500-ге жуық азаматты қосып есептесек болады", – деді Лаура Мырзағали.
Жандарбек Бекшин жалпы қала бойынша 1 313 000 адамға екпе салу жоспарланып отырғанын және вакцинаның жеткілікті екенін айтты. Мұнымен қатар, ол биыл ЖРВИ-дің өрши түскеніне тоқталды.
"Коронавирус індетінің аурушаңдығы апта сайын төмендеп келеді. Өткен жеті күнде 405 жағдай тіркелсе, оның алдында ғана 460 науқас тіркелген еді. Бір ай ішіндегі аурушаңдықтың да айтарлықтай төмендегенін айтуға болады. Бірақ қазір қалада ЖРВИ мен тұмау маусымы басталып жатыр. Былтыр бірде-бір тұмау болмаған еді. 1 қазаннан бастап 37 дәлелденген сынамадағы H3N2 тұмауының нұсқасы зерттелді. Бұл тұмаудың басы ғана десек те болады. ЖРВИ-ді алатын болсақ, оның таралу деңгейі былтырға қарағанда 4 есе жоғары. Ал былтыр мұндай көп тіркелмеген еді", – деді Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ, қаланың бас санитар дәрігері тұмау мен ЖРВИ-ге қатысты локдаун болып, көптеген мекеменің онлайн жұмыс істеуге мәжбүр болғанын еске салды.