Жаңа жылда 292 млрд теңге жеке инвестицияға 6 қоқыс жағатын зауыт салынады
Бүгінгі күні 7,3 мың үйінділерден 86 пайызы жойылды.2016 жылғы норма бойынша қоқыс қалдықтарын көмуге тыйым салынса да, Нұр-Сұлтан, Алматы және Лисаковск қалаларында құрылыс қалдықтарына арналған алаңдар әлі күнге дейін бар. Осы орайда, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев 6 қалада қоқыс жағатын зауыт салынатынын мәлімдеді.
"Түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемін айтарлықтай қысқарту үшін заңнамалық деңгейде Waste to Energy тетігі енгізілді. Қоқыс жағатын зауыттар салу үшін 6 қала анықталды. Алғашқы аукциондық сауда-саттық өткізілді. Инвестор анықталды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Жеке инвестициялар 292 млрд теңгені құрайды. Өз кезегінде, мемлекет жер учаскелері, электр және сумен жабдықтау сияқты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді", – деді Серікқали Аманғалиұлы.
Мұнымен қатар, ол стихиялық үйінділерді жою және болдырмау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінгі күні 7,3 мың үйінділерден 86 пайызы немесе 6,3 мың үйінді жойылды. Шығыс Қазақстан – 51% және Маңғыстау облысы – 38%, аталған көрсеткіштер республикалық орташа деңгейден төмен.
"Рейдтік іс-шаралар өткізілді. 17 мыңға жуық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, 25 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Қазақстанда 3 мыңнан астам қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, олардың тек 20%-ы ғана нормаларға сәйкес. Бұл мәселе Павлодар (1,25%), Батыс Қазақстан (1,4%) және Солтүстік Қазақстан (3,5%) облыстарында өте өзекті болып тұр", – деп қосты Серікқали Аманғалиұлы.
Мұнымен қатар, ол құрылыс қалдықтарымен жұмыс істеу саласына назар аударудың маңыздылығына тоқталды. Осы жылдан бастап оларды көмуге тыйым салынды. Норма 2016 жылы енгізілген болатын. Алайда Нұр-Сұлтан, Алматы және Лисаковск қалаларында құрылыс қалдықтарына арналған алаңдар әлі күнге дейін бар.
"Жалпы, қоқыс шығаратын ұйымдардың қызметін реттеу және бақылау мақсатында жаңа экокодексте хабарлама жасау тәртібін енгізу көзделген. Олар көлікке GPS-датчиктерін орнатуға және көліктің қозғалысы туралы толық ақпаратты беруге міндетті. Оған қоса, қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар жоғарылады – жеке тұлғаларға 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін", – деп түсіндірді Серікқали Аманғалиұлы.