Бурабайдағы IQanat мектебінің базасында өз кәсібіне адал және өз оқушыларына шабыт сыйлай білетін ауыл мұғалімдерінің слеті өтті, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі. 

IQanat Teacher’s Camp аясында ауыл мұғалімдерге IQanat сарапшылары мен арнайы шақырылған білім беру саласының мамандары интенсив өткізді. Ол заманауи педагогикалық тәсілдер бойынша шеберлік сағаттарын, ауылдағы білім беру ісіндегі мұғалімнің рөлі және құндылықтар жүйесін білім және тәрбие беру ісіне біріктіру туралы стратегиялық сессияларды, педагогтің мектеп пен қоғамдағы өзгерістерге жол ашуы мен ауылдағы білім берудің міндеттері туралы талқылауды, сондай-ақ үздік оқиғалар мен тәжірибелер алмасуды қамтыды. 

Қор өкілдерінің айтуынша, оқуға мұғалімдер тестілеу және емтихан арқылы емес, IQanat мектебінде оқуға грант жеңіп алған оқуышылар жазған эсселер бойынша іріктелген.  

Эссе тақырыптары – "Маған ықпал еткен мұғалім", "Менің жолымды ашқан мұғалім" және "Мені алға қадам басуға ынталандырған мұғалім" болды. Эссе жазған балалар – IQanat олимпиадасының финалистері. Олар – 50 мың ауыл баласының арасынан іріктеліп, 3 турдан өткен және IQanat мектебіне қабылданған балалар. Оларды дайындаған мұғалімдердің оқушыларының жетістігіне қосқан үлесі зор екені анық. 

"Мықты мұғалімсіз мықты мектеп болмайды. Біз ауыл балаларында да IQanat оқушыларында бар мүмкіндіктер болғанын қалайтынымызды жиі айтамыз, бірақ оған педагогтер арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Олар – өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Мұғалім қарапайым сабақты өмір сабағына айналдырып, баланың бойында арман шырағын жаға алады және оған қол жеткізуге күш береді. Егер біз балалардың өміріне өз ауылында ықпал еткіміз келсе, бірінші кезекте олардың тәлімгерлеріне мүмкіндік сыйлауымыз керек", – деді IQanat қорының атқарушы директоры Азамат Ашамаев. 

Интенсив қорытындысында мұғалімдер еліміздегі өзге мыңдаған педагогтер мәселе шешуде қолдана алатын практикалық кейстер тізімін құрды. 

Айта кетейік, IQanat жобасы түлектерінің 94%-ы Қазақстанның және шетелдің жетекші университеттеріне грант негізінде оқуға қабылданды. Қазір олар әлемнің 17 елінде білім алып жатыр.