Жамбылдықтардың 40,8 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады
Қазіргі таңда облыста 76 спорт мекемесі жұмыс істейді.Қазіргі таңда Жамбыл облысында 76 спорт мекемесі, оның ішінде кәсіби спорт клубтары, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, спорт сарайлары мен стадиондар бар. Бұл нысандар облыстың спорт өмірінде маңызды орын алып, тұрғындарды дене шынықтыруға тартуға септігін тигізеді, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Спортпен жүйелі түрде айналысатын облыс тұрғындарының саны бүгінде 499 мың адамға жетіп, халықтың 40,8 пайызын құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 41 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Облыста спорттың 83 түрі дамып келеді, оның 27-сі олимпиадалық, 11-і республикалық, тоғызы паралимпиадалық, тоғызы сурдолимпиадалық, 24-і олимпиадалық емес және үшеуі паралимпиадалық емес спорт түрлері.
Бұл еңбектің нәтижесі – спортшыларымыздың облысқа, елге әкеліп жатқан жеңістері. Осылайша, жыл басынан бері жамбылдық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда әртүрлі номинациядағы 1163 медальді жеңіп алды.
Өңірде спортты дамытудың маңызды аспектісі спорт инфрақұрылымын жақсарту болып табылады. Облыста 2244 спорт нысаны бар, тағы 11 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның алтауы жыл соңына дейін пайдалануға берілсе, бесеуі келесі жылы пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, өткен жылы облыстың барлық аудандарында спорт алаңдарын салу жоспары бекітілген. Осындай 34 нысанның құрылысы 2024 жылға жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 25 спорт алаңы пайдалануға берілді.