Соның бірі – Шақпақата ауылындағы "Samurai" серіктестігіне қарасты "Хадиша апа" жеке кәсіпкерлігі. Екі жыл бұрын өз жұмысын бастаған шағын цехтың жалпы қуаттылығы 4 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда цех тұрғындардан тәулігіне 1,5 тонна сүт қабылдауда. Мұнда ірімшік, сары май мен ультражоғары термоөңделген табиғи сүт жəне құрт өнімдері өндірілуде. Серіктестік директоры Нұрбақыт Тілегеновтың айтуынша, цехтың жылдық қуаттылығы 1500 тоннаға тең. Ал, цех тәулігіне  4 тонна сүтті өңдеп, дайын өнім шығаруға қауқарлы. Әзірге 1,5 тонна сүт қабылдап, сүттен алынатын өнімнің 7-8 түрін шығаруда.

– Цехта 5 адам жұмыс істеуде. Қондырғылардың басым бөлігін өзіміз қолдан жасадық. Бұл кәсіпті бастамас бұрын нарықты жан-жақты зерделедік. Қазір байқасаңыздар, халықтың күнделікті көп тұтынатын өнімінің қатарына сүт өнімдері жатады. Көпшіліктің талғамынан шығатын, нарықта сұранысқа ие табиғи ірімшік, "Моцарелла" ірімшігін, сары май мен құрт, ультражоғары термоөңделген сүт өнімдерін өндірудеміз. Қазірдің өзінде бізде өндірілген өнім Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Тараз қалаларында өткерілуде, – деген кәсіпкер ауыл сыртынан жер телімін алып, кəсіпорнын кеңейту мақсатында өз жобасын ауылдық окруктің әкімдігіне өткізгенін жеткізді. 

Ал, округ әкімі Нұрбақыт Балтабаев елді мекенде кәсіпкерлік нысандардың көптеп ашылуына мүдделі екенін айтып, кәсібін бастағандарға лайықты қолдау көрсетілетінін айтты. 

– Шақпақ ауылдық округінде соңғы бір жыл көлемінде бірқатар кәсіпкерлік нысандар ашылды. Бізде темір өңдеу цехтарымен қатар жеміс-жидек бақтары көбейе түсті. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер сүт өнімдерін өңдеу бағытын мықтап қолға алуда. Ауыл тұрғындарынан жиналған сүттің бір бөлігі осындағы сүт цехына өткізілсе, қалғаны Б.Момышұлы ауылындағы «Бурное сүт компаниясы» мен «СМТС» серіктестігіне өткерілуде. Округте сүт бағытының бір тармағы – қымыз өндірісі де жақсы жолға қойылған, – дейді округ әкімі.

"Хадиша апа" цехын басқаратын Еламан Пернешовтің жобасы жобасы жергілікті әкімдік тарапынан қолдау тауып, оған қажетті жер телімі бөлініпті. Ол шикізат қорын көбейтуге күш салып жатқанын тілге тиек етті. 

– Кәсіп бастау оңай емес. Шет мемлекеттен ала алмаған құрал-жабдықтардың кейбірін өзіміз дайындаудамыз. Оған темір дәнекерлеушілер жұмылдырылған. Қазірдің өзінде цехтағы біраз дүниені дайындауға еңбек сіңірдік. Ендігі мақсат – өндіріс орнын толық қуатында жұмыс істету. Ауылда мал басын көбейту үшін шаруалар мен жеке тұрғындарға хал-қадірімізше қол ұшын созып келеміз, – дейді Е .Пернешов.