Жамбыл өңірінде жайылым жер көлемі ұлғайып келеді
Мәселен, өңірдегі бір ғана Жамбыл ауданында 60 мың гектар алқапқа орналастырылған егіннен, дәнді-дақылдардан, бау-бақшадан, картоп пен қант қызылшасынан және жоңышқа алқаптарынан мол өнім жиналуда.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, биыл 4 080 гектарға орналастырылған бидайдан 6 сондай-ақ 12 мың гектарға себілген арпадан 21244 тонна өнім алынған. Оның әрбір гектарынан жиналған орташа өнім 13,5-17,3 центнерді құрайды. Бұдан бөлек, мұнда жем-шөп қоры жеткілікті мөлшерде дайындалуда. Жиын-терін жұмысын жақсарту үшін жыл ішінде жүзден аса жаңа техника сатып алыныпты.
"Ауданда барлығы 3730 агроқұрылым жұмыс істеп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жайылым жерлердің де көлемі ұлғайып келеді. Тұрғындардың табысын арттырып, тұрмысын түзеу мақсатында қолға алынған "Ауыл аманаты" жобасы бүгінге дейін 6 ауылдық округте іске қосылды. Өнеркәсіп саласында да өркендеу байқалады. Аудан аумағында 2027 жылға дейін жалпы құны 38,2 миллиард теңгені құрайтын 193 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 1038 жаңа жұмыс орны құрылмақ", – дейді аудан басшысы.
Былтыр өңірде ауыл шаруашылығы бағытында 26 және өнеркәсіп саласында 24 жоба іске қосылған. Қазір аудан бойынша 9 485 шағын және орта кәсіпкерлік объектісі тіркелген. Өндірілген өнім көлемі 30,3 миллиард теңгеге тең. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 32 жоба бойынша 513,3 миллион теңге несие беріліп, 35 жұмыс орны ашылған.