Жамбыл облысының балықшылары бір жылдан бері жұмыссыз отыр
Бұған көл иесі мен балық инспекциясы арасындағы келіспеушілік себеп.Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан балық аулап күнелткен жергілікті тұрғындар жілға жуық уақыттан бері табыссыз отыр. Өйткені, су қоймасының иесі мен жергілікті балық инспекциясының арасындағы дау сотқа ұласып, аяқталар емес, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Инспекция мамандары көл қожайыны даму жоспарын орындамағаны үшін жалға алу мерзімін ұзартпаған. Ал су қоймасы басшылығы бұл айыппен келіспейді. Екі арада өзге табыс көзі жоқ балықшылар жұмыссыз қалып отыр.
"Облыс әкімінен нан сұрап жатқан жоқпыз. Жәрдемақы бер деп жатқан жоқ. Өз ауылымыздағы көлден балық ұстап, отбасымызды асырауға мүмкіндік беруін сұраймыз", – дейді Естемісов ауылының тұрғыны Сиқым Қашаулиев.
Оқи отырыңыз: Балықты рұқсатпен аулау үшін не істеу керек?
Әзірге даудың қашан бітері белгісіз. Анығы – Тасөткелді қайтадан аукционға салу жоспары бар.
"Екінші сот бітті. Басқарма ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін бір айдың көлемінде бізге нәтижесін береді. Біз сосын су қоймасын аукционға саламыз деп жоспарлап отырмыз", – деді Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Болат Асанбеков.