Жамбыл облысында 26 көліктің, оның ішінде төрт жолаушылар автобусы мен төрт жүк көлігінің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Полиция қызметкерлерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауға және ауа райының қолайсыз жағдайында тас жолға шықпауға бірнеше рет шақырғанына қарамастан, жүргізушілер ереже бұзуды жалғастыруда: жылдамдықты арттыру, қашықтықты сақтамау, жазғы дөңгелектермен жүру, бұл өз кезегінде апатқа әкеледі. 31 қаңтар күні сағат 10.47-де республикалық маңызы бар Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолының 567 шақырымында Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының маңында ауа райының қолайсыздығынан (көктайғақ, көрінудің шектелуі, қарлы боран) 26 көліктің: төрт жолаушылар автобусының, , төрт жүк көлігі мен жеңіл көліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Апат салдарынан қаза тапқандар жоқ", – деп хабарлады Жамбыл облыстық ІІД.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан балалар саны 24% көбейді


Сондай-ақ, Б.Момышұлы ауылындағы орталық аудандық ауруханаға 25 адам жүгінгені хабарланды. Қазір Тараздан 593-534 шақырымға дейінгі жол екі бағытта да жабылды.

"Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Жамбыл облыстық полиция департаменті, әсіресе ауа райының қолайсыз жағдайында жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салады", – деп қорытындылады полиция департаменті.