Жамбыл облысында жаңа технологиялар жылына 2,1 млрд текше метр су үнемдеуге мүмкіндік береді
Биыл бұл технологиялар өңірде 45 мың гектар жерге қолданылған.Жамбыл облысында қазір суармалы судың тапшылығына байланысты ылғал үнемдейтін технологияларды қолдануға ерекше көңіл бөлуде. Биыл бұл технологияны қолданатын жер көлемі 45 мың гектарды құрайды, оның ішінде 29,4 мың гектар – тамшылатып суару, 15,6 мың гектарға – жаңбырлатып суару тәсілі қолданылады. Бұл туралы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов хабарлады.
Айта кетейік, қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлерді мемлекет субсидиялау арқылы қолдайды. Егер бұрын фермерлерге заманауи суару жүйелерін сатып алуға және қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50 пайызы өтелсе, биыл ылғал үнемдейтін технологияларды пайдаланатын фермерлер үшін субсидия көлемі 30 пайызға өсті. Енді олардың мөлшері 50-ден 80 пайызға дейін артып, бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу және қажетті инфрақұрылымды құру шығындарын өтейтін болды.
Сондай-ақ, биыл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аграршылардың суды үнемдеуін ынталандыру үшін қосымша шаралар әзірлеген.
"Жаңа Су кодексі су үнемдеу технологияларын енгізетіндер үшін субсидиялар және суға төмендетілген тарифтер түрінде мемлекеттік қолдау көрсетуді көздейді. Өсірілетін дақылдарға және олардың суға деген қажеттілігіне қарай тарифтерді енгізу жоспарлануда. 2030 жылдың соңына дейін әрбір өңір үшін нақты көрсеткіштерді қамтитын кезеңдік жоспар әзірленеді. Су үнемдеу технологиялары суармалы жерлердің 50 пайыздан астамын қамтып, жыл сайын 2,1 миллиард текше метрге дейін су үнемдейді деп күтілуде", – деп түсіндірді Тұңғыш Жанұзақов.
Еске салайық, Алматыдағы Ұлттық Ғылым академиясында жас ғалымдармен өткен кездесуде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға экономикамыз үшін стратегиялық маңызды салаларда инновациялық жобалар мен серпінді шешімдер қажет екенін атап өткені күні кешегідей көптің есінде. Ол әсіресе агроөнеркәсіптік кешенге заманауи технологияларды енгізуді жеделдетуді тапсырған болатын.
Салада сандық бағдарламаларды енгізу, мал фермаларында сиыр сауу процесін автоматтандыру, суды үнемдеу технологиялары, автоматтандырылған ауылшаруашылық техникасын қолдану арқылы еңбек өнімділігін арттыруға болады. Ең алдымен, тамшылатып суару және ылғал үнемдеу технологиялары сияқты инновациялар жаппай игерілуі тиіс.