Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қант зауытын салу бойынша инвестициялық ұсыныс айтылды.

Жобаны K-Agro холдингі мен "Бәйтерек" холдингі жүзеге асырады деп жоспарланған. Ол бойынша зауыттың өңдеу қуаты тәулігіне 8-10 мың тоннаны құрайды. Ол жылына бір миллион тонна қант қызылшасын өңдеп, шамамен 130 мың тонна қант өндіруге мүмкіндік береді.

Бұл ретте өндіріс қуаттылығын арттыру мақсатында жұмыс істеп тұрған қант зауыттары жаңғыртылуда. Бұл жұмыстар жаңа зауыттың құрылысымен қоса, Қазақстанның қантқа импорттық тәуелділігін кезең-кезеңімен азайтуға және қант қызылшасынан жоғары өңделген өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы тәулігіне 8,7 мың тонна қант қызылшасы мен 2,4 мың тонна шикі құрақ өңдейтін төрт қант зауыты бар. 2023 жылы республикада ішкі қантты тұтыну көлемі 507 мың тоннаны құрады. Ел қажеттілігінің негізгі бөлігі ЕАЭО елдерінен дайын қант импорты және шикі құрақты өңдеу есебінен қамтамасыз етіледі. Айта кету керек, биыл қант қызылшасының рекордтық көлемі жиналады. Әсіресе, Жамбыл облысында өнім көп шықты. Өңірімізде бір гектардан 700 центнер қызылша жиналып жатыр.

Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл өңірде 600 мың тоннадан астам қант қызылшасы жиналған.

"Соның 450 мың тоннасын Меркі қант зауыты қабылдайды. Осы зауытпен келісілген кестеге сәйкес, өнімді қабылдау жұмыстары 13 қыркүйекте басталып, бүгінге дейін 166 мың тонна қант қызылшасы өткізілді. Қалған 100-150 мың тоннасы Ақсу қант зауытында өңделеді", – деді Ербол Қарашөкеев.