Жамбыл облысында шаруаларға 19,7 миллиард теңге субсидия төленді
Өңірде биылғы 9 айда 348 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді.Жамбыл облысында жыл басынан бері 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 19,7 млрд теңге субсидия төленді.
Қаржы институттары арқылы 1045 ауыл шаруашылығы субъектілеріне 15,2 млрд теңге несие берілді. Күзгі егістік және егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін 10 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Бүгінгі таңда 421 бірлік жаңа техника (411 трактор, 10 комбайн) сатып алынды, техниканы жаңарту деңгейі 7,4 пайызды құрап отыр.
Облысқа бөлінген 11,4 мың тонна дизельдік отынның 8,4 мың тоннасы өңірге жеткізілді. Шаруалар 7,4 мың тонна дизельдік отын алды, оның бағасы 250 теңгені құрайды.
Сонымен қатар облыста жыл сайын тыңайтқыш қолдану көлемі артып келеді. 2024 жылы 415,4 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 1 мыңнан астам шаруа 370 мың гектар алқапқа 74,2 мың тонна тыңайтқыш енгізді. Ауыл шаруашылығы дақылдары 626,7 мың гектар аумақта орналасқан. 352,9 мың гектар алқаптағы дәнді дақылдар толығымен жиналып, 586,4 мың тонна астық алынды. Ауа райының қолайлы болуына және агротехникалық шаралардың дер кезінде жүргізілуіне байланысты дәнді дақылдардың орташа өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда 10 ц/га-дан 16,6 ц/га дейін артты.
Қазір картоп, майлы дақылдар, көкөністер, бақша дақылдары мен қант қызылшасын жинау жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы биылғы жылы 3,8 миллион тоннадан астам өнім алу жоспарлануда. 600 мың тоннадан астам қант қызылшасын жинап, өңдеу жоспарлануда. Меркі қант зауыты биыл 450 мың тонна шикізат алса (175,8 мың тоннасы жеткізілді), қалғаны Ақсу қант зауытына (15,5 мың тоннасы жеткізілді) түседі.
Көлік шығындары берілетін субсидиялар нормативін 25 теңгеден 45 теңгеге дейін арттыру есебінен өтеледі.
"Меркі" қант зауытына Үкімет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Зауыттың айналым қаражатын толықтыру үшін "Кең дала-2" Аграрлық несие корпорациясының бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелер берілуде. Меркі қант зауытына өнім өткізгені үшін шаруаларға субсидия беру басталды (бағдарлама бойынша қалған 172 млн теңге шаруаларға төленеді). Қолда бар қаражат есебінен 6,8 мың тонна өнім субсидияланбақ. Тағы 600 мың тонна өнімді субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 16 миллиард теңге бөлу жоспарлануда.