Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының әл-ауқаты артып келеді
Сондықтан, бағдарлама аясында тірлігін тіктеп, тұрақты түрде табыс тауып отырған жандар аз емес.
Мәселен, екі жыл бұрын құрылған Шу ауданына қарасты Жаңажол ауылындағы "Шу-2021" өндірістік кооперативі мал басын көбейтіп, егіс алқабындағы өнім көлемін ұлғайтуға күш салуда. Мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинаған ауыл ақсақалы Жапарқұл Тәжиев басқаратын кооперативтің құрамындағы 4 шаруа қожалық осы жылы 800 гектарға егін еккен.
"Кезінде осы ауылдық округте сүт цехының ашылуына ықпал еттік. Соңғы жылдары ауылымызда наубайхана мен кірпіш зауыты ашылды. Мұның бәрі – тұрақты табыс көзі. Елді мекенде бірнеше ұлттың өкілдері қоныстанған. Ауылдағы берекелі тірлікке ақсақалдардың қосатын үлесі зор. Сондықтан ауылдағы белсенді қариялармен үнемі ақылдасып, олардың ой-пікірлерін тыңдап отырамыз. Алдағы уақытта да белсенді азаматтармен бірлесіп, туған жерді гүлдендіру жолында еңбек етеміз", – дейді Жапарқұл Тәжиев.
Сондай-ақ, кооператив төрағасы өткен жылы "Ауыл аманаты" жобасы аясында былтыр 23 миллион 300 мың теңге несие алғанын жеткізді. Бұл қаражатқа 2,5 тонна жүгері, 5,5 тонна арпаның жаңа сұрыпты сапалы тұқымдарын сатып алған ол бидай мен арпаның алқабын құнарландыруға қажетті түрлі минералдық тыңайтқыштарын алуды да ұмытпаған. Бұдан бөлек, ақсақал ауыл іргесіне 600 тал көшеттерін отырғызуда белсенділік танытқан ауылдастарының алма бақты көркейтуге кіріскенін айтты.
Атап өту керек, бұл күнде Жапарқұл Тәжиевтің өз алдына шаруа қожалығы бар. Ол басшылық ететін қожалықта он екі отбасының азаматтары еңбек етуде. Қожалықтағы малшы, тракторшы сынды қызметкерлердің орташа жалақысы 230 мың теңгені құрайды. Жұмысшылар биыл 140 гектар алқапқа арпа, 40 гектарға жоңышқа, 100 гектарға пияз еккен. Арпаның әр гектарынан 30 центнерден өнім алған олар пияздан да табыс таба алатынына сенімді.