Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өнімдері 1,4 есе артады
Өңірде ауыл шаруашылығы саласы арқылы өңірдің экономикалық қуаты күн өткен сайын артып келеді.Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының өңдеу бөлімінің басшысы Дулат Оспановтың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 200 кәсіпорын тіркелсе, оның 160-ы жұмыс істеп тұр. Аталған мекемелерде 2,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 27 кәсіпорын сүт өнімдерін, 44 – ет өнімдерін, төртеуі – мақсары, сегізі – астық, екеуі – жүн, екеуі – қант қызылшасын терең өңдеуге маманданған. Сонымен қатар, облыста макарон өнімдерін шығаратын сегіз кәсіпорын, 62 наубайхана, ет өндіру бойынша бес құс фабрикасы, жұмыртқа өндіру бойынша бір кәсіпорын жұмыс істейді.
Дулат Оспановтың айтуынша, макарон өнімдері өндірісін дамытуды шектейтін факторлар отандық өнімнің өзіндік құны мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін шикізаттың жеткіліксіздігі мен сапасының төмендігі болып табылады.
"Мемлекет басшысының қайта өңдеу үлесін 70 пайызға жеткізу тапсырмасын орындау үшін басқарма ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың Кешенді жоспарын әзірледі. Құжатта өңдеуші кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, негізгі және айналым капиталын толықтыруға жеңілдікпен несиелер беру, жаңа нарықтарды ашу арқылы өңделген өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру қарастырылған. Жоспардың орындалуы тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына жақсы серпін беріп, өнімдердің жалпы өндірісін 1,4 есеге арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін межеленген 70 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді", – деді Дулат Оспанов.
Сүт өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындардың жалпы жылдық қуаттылығы 82,6 мың тоннаны құрайды. Өткен жылы сүт өңдеу кәсіпорындары 1,4 млн теңге субсидия алған. 304,2 тонна сары май, 332,6 тонна сүзбе, 150,5 тонна құрғақ сүт өндірілген.
Жыл басынан бері ет өндірісі 41 мың тоннаны құраса, оның 11,9 мың тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалып, бес мың тоннасы өңделген. Кәсіпорындар 5,2 мың тонна шұжық өнімдерін шығарды. Жоғары өңделген астық өнімдеріне де ерекше назар аударылады. Облыста астық өңдейтін сегіз кәсіпорын бар. Биыл 6,4 мың тонна ұн өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 124,5 пайызға артық.
Астық өңдеумен қатар майлы дақылдарды өңдеу қарқынды дамып келеді. 1,9 мың тонна өсімдік майы өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 237 пайызға артық. Бұл көрсеткішке егістік алқаптарын кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен қол жеткізілді. 1,9 мың тонна макарон өнімдері өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 81,2 пайызға аз.
Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты биылғы Жолдауында 3 жыл ішінде аграрлық сектордағы өңделген өнімдердің үлесін 70 пайызға жеткізуді тапсырды.