184 млн теңгеден астам сомаға зергерлік бұйымдарды заңсыз әкелудің 12 әрекеті анықталды. Мұнымен қатар 3 млрд теңгеге жуық шетел валютасын әкетудің жолы кесілді, деп мәлімдеді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шекаралық бақылау департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғани Ағаділов. 

"2023 жылдың 7 айында өткен жылмен салыстырғанда адамдар мен көлік құралдарының шекарадан өтуі екі есе артты. Адамдар ағынының ұлғаюымен қатар, елімізге заңсыз немесе жалған құжаттармен кіруге әрекет жасаған шетелдіктердің саны көбейді. Атап айтқанда, кіру-шығу арнасында бөтен және жалған құжаттар мен ҚР визаларын қолданған 150-ден астам адам ұсталды. Бұл адамдар елге кіргізілмей, өз елдеріне депортацияланды", – деді Ғани Ағаділов. 

Мұнымен қатар заңнаманы бұзғаны үшін 5 мыңнан астам адам және 10 көлік компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өндіріп алған айыппұлдардың жалпы сомасы 50 млн теңгеден асты.


Оқи отырыңыз: Құны 7 млрд теңге болатын жер телімдері мемлекетке қайтарылды


"Қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 227 ҚР азаматы мен шетелдіктер ұсталды. Паспорттық бақылау барысында шет мемлекеттердің азаматтығы бар Қазақстан Республикасының 254 азаматы анықталды. Адамдар ҚР азаматтығынан айыруды ресімдеу және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ішкі істер органдарына тапсырылды", – деді департамент өкілі. 

Сондай-ақ ол шетел валютасын әкетудің жолы кесілгенін мәлімдеді.  

"324 жағдайда 2,8 млрд теңгеден астам сомаға шетел валютасын әкетудің жолы кесілді. 184 млн теңгеден астам сомаға зергерлік бұйымдарды заңсыз әкелудің 12 әрекеті анықталды. 166 жағдайда әртүрлі калибрлі қарулар мен оқ-дәрілерді шекарадан заңсыз өткізу әрекеттері тоқтатылды. Діни сипаттағы 3335 кітап пен брошюра анықталып, сараптамаға берілді", – деді Ғани Ағаділов.