"Хабар" арнасы "Самұрық-Қазына" қорының қаражатын отандық телехикаялар түсіруге жұмсамақ
Сондай-ақ, арна қаражатты көрермендерге Wolt Disney студиясының телеөнімдерін ұсынуға жұмсауды көздеп отыр."Хабар" агенттігі "Самұрық-Қазына" қорынан алатын қаражатқа "The Wolt Disney" компаниясының өнімдерін қазақшалауға лицензия алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы агенттіктің басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Жүнісова informburo.kz тілшісіне айтты.
Ләззат Жүнісованың айтуынша, "Хабар" агенттігі" АҚ "Самұрық-Қазына" АҚ-мен бірлесе отырып, "Хабар" телеарнасын контентпен толықтыру үшін қордан қаражат бөлу жобасын іске асыру мәселесін қарастырып жатыр.
"Жоғарыда аталған қаражат бірінші кезекте өз телехикаяларымызды түсіруге бағытталады. Сондай-ақ, отандық аудиторияны жоғары сапалы премиум өнімдермен қамтамасыз ету үшін әлемдегі ірі өндірушілерден ("The Wolt Disney Company"-дің Star Wars, Pixar, Marvel, 21st Century, NatGeo, Fox және тағы басқа пакеттерімен) телеконтентке лицензиялық құқықтарды алу жоспарлануда. Осы жоба бойынша сатып алынған анимациялық фильмдерді мемлекеттік тілге дубляждау жоспарлануда, бұл көрермендер арасында қазақ тілінің дамуына септігін тигізеді", – деді агенттік өкілі.
Сонымен қатар Ләззат Жүнісова бұл жұмыс отандық контенттің көлемін ұлғайтып, телеарнаны жаңғыртуға, сонымен қатар агенттік қызметкерлерінің жалақысын көтеруге ықпал ететінін атап өтті.
Айта кетейік, "Хабар" телеарнасының хабар тарату торына отандық телехикаялар мен көркем фильмдер, сондай-ақ түрлі әлемдік продюсерлердің басқа да аудиовизуалды туындылары кіреді.
Оқи отырыңыз: "Хабар" агенттігін енді "Самұрық-Қазына" қоры қаржыландыруы мүмкін
Бұған дейін Ашық НҚА порталында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген Үкімет қаулысының жобасы жарияланған еді. Жобада "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының "Хабар" агенттігін қаржыландыратыны жазылған. Алайда қордың қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбек қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, қаражат толықтай арнаны емес, арнаның жобаларына ғана бөлінуі мүмкін.
"Бүгінгі күні қаржылдандыру туралы қаулы жобасы шықты. Ол жерде "Хабар" арнасын емес, тек нақты жобаларды "Самұрық-Қазына" арқылы қаржыландырады. Жобалардың бағыты әртүрлі болуы керек. Біздің ойымызша, бір бағыты қазақ тілін насихаттау болуы мүмкін. Нақты қандай жоба болатынын әлі айта алмаймыз. Қаулы жобасы әлі талқыланып жатыр.Талқылаудан кейін мүмкін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арқылы, мүмкін арнаның ішкі процедуралары арқылы жобаны бекітетін шығар. Содан кейін бізге қанша қаражат керек екенін айтады, біз жібереміз", – деп түсіндірді Ғибрат Ауғанов.
Оқи отырыңыз: "Самұрық-Қазына" қоры Ұлттық қордан қаржы алады