VADA Жәнібек Әлімханұлының бойынан мельдоний тапты. WBO және боксшының өзі не дейді
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен кубалық Эрисланди Лараның арасында 6 желтоқсанда (АҚШ уақыты бойынша) өтуі тиіс жекпе-жектің қарсаңында VADA Жәнібек Әлімханұлының анализінен допинг, атап айтқанда мельдоний табылғанын жария етті.
Осыған орай, Жәнібек Әлімханұлы дереу әлеуметтік желіде пікір білдірді.
"Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таң қалып отырмын. VADA бірінші рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отырмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз", – де жазды боксшы.
Бұл ақпаратты WBO ұйымы да растады. WBO қазіргі уақытта ішкі тексеру жүргізіліп жатқанын және оның қорытындысы шықпай, қосымша ақпарат берілмейтінін жазды.
Егер Жәнібек Әлімханұлы рингке шыға алмайтын болса, онда кубалық Эрисланди Ларамен жекпе-жекке колумбиялық Йохан Гонсалес шығады.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лараның арасындағы жекпе-жек АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында өтуі тиіс болған.
Жәнібек Әлімханұлы – WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы болса, Эрисланди Лара – WBA тұжырымы бойынша Әлем чемпионы.