"Қазгидромет" РМК 14 сәуірде елімізде болуы ықтимал қауіпті метеорологиялық құбылыстарға қатысты болжамын жариялады.

Мекеме мәліметінше, атмосфералық фронтальды бөліктер Қазақстанның басым бөлігіне ықпалын сақтап, найзағай ойнап, жаңбыр жауады.

"Оңтүстік-шығыста, түнде орталықта – қатты жаңбыр, ал солтүстікте – жаңбыр мен қар аралас қатты жауын-шашын күтіледі. Тек республиканың оңтүстік-батысында ғана жауын-шашынсыз ауа райы болжанып отыр", – делінген хабарламада.

Бұған қоса, еліміз бойынша желдің күшеюі мен тұман күтіледі. Оңтүстік-шығыста, шығыста, солтүстікте және орталықта бұршақ жаууы мүмкін. Оңтүстік-шығыста дауыл соғады деп болжануда.

Күндіз Жетісу облысының Алакөл ауданында желдің екпіні 30 м/с -тан асады.

Ал түнде Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының батысында және Ақтөбе облысының солтүстігінде 3 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал.