Үндістанның киногерлері Қазақстанда фильм түсіруге қызығушылық танытты
Үндістандағы 55-ші IFFI халықаралық кинофестивалінде Қазақстан туризмінің медиа-амбассадоры және халықаралық жобалардың продюсері Надира Ахонова шетелдік кинематографистерге Қазақстанды перспективалық бағыт ретінде таныстырды, деп хабарлады Kazakh Tourism ұлттық компаниясы.
"Біз Қазақстанға ірі халықаралық жобаларды тарту мақсатында шетелдік киноөндірушілермен келіссөздерді белсенді жүргізіп жатырмыз. Үндістандық продюсерлер мен студиялар елге қызығушылық танытып, көркем және деректі фильмдер түсіру мүмкіндігін қарастыруда. Алғашқы жобамыз бойынша Алматыда рекогносцировка жүргізіліп, даладағы және таудағы локациялар таңдалды. Сондай-ақ, жергілікті мамандардан құралған команданы қалыптастыру басталды. Бұл туристік әлеуетімізді кино арқылы паш етумен қатар екіжақты шығармашылық ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадамға айналады", – деді Надира Ахонова.
Компанияның мәлімдеуінше, жаңа фильм Қазақстанның туристік әлеуетін Үндістан тұрғындарына және әлемнің басқа елдеріне таныстырады. Кинокартинада бірегейлік, мәдени өзара әрекеттестік және адами құндылықтар тақырыптары қамтылады.
Халықаралық жобаның түсірілімі Қазақстанның тартымды креативтік алаң ретіндегі имиджін нығайтуға септігін тигізеді.