Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде қалдырды
Жылдық инфляция осы шілде айында 8,6 пайызға дейін өсті.Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Ұлттық банктің ақпаратынша, шілде айында инфляция аздап өссе де, Ұлттық банктің болжамы аясында қалыптасты. Өткен айда инфляция 8,6%-ға дейін барған.
"Ортамерзімді келешекте инфляция бойынша 5 пайыздық мақсатқа жету ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұруды талап етеді. Тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық жаққа ауып, 2024 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде сақтаудың жоғары ықтималдығына себепші болып отыр", – деп хабарлайды ҰБ баспасөз қызметі.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2024 жылғы 11 қазанда Астана уақытымен сағат 12.00-де жарияланады.