Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында үлескерлер мәселесі туралы айтты.

"Қалада ресми түрде құрылысы ұзаққа созылған деп танылмаған бірқатар проблемалы үй бар. Олар бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, Тұрғын-үй кешені  тұрғындарымен кездесу өткіземіз. Мысалы, салымшылар «София» тұрғын-үй кешенінің кілтін 2021 жылы алуы тиіс еді. Олар әлі күнге дейін өз пәтерлеріне кіре алмай жүр", – деп жазды қала әкімі.

Оның айтуынша, нысанда құрылыс қарқыны баяу жүріп жатқаны байқалды.

"Тұрақты инженерлік желілері болмады. Лифт орнату жұмысы әлі аяқталған жоқ. Біз тұрғын-үй кешені құрылысын аяқтау үшін көмек көрсетеміз. Мәселен кәріз, су құбырын орнату, абаттандыру, көгалдандыру және т.б.", – деп жазды ол.


Оқи отырыңыз: Үлестік құрылыс: алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек?


Оның айтуынша, қылмыстық қудалау органдары "Әскер-1", "Әскер-2", "R-Club", "R-Club De Luxe", "Ақтау Сити", "Қазанат-2", "Ордабасы", "Оазис" тұрғын үй кешендері бойынша үлескерлердің бірнеше рет берген өтініші негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөнінде іс-шаралар жүргізіп жатыр.

"Біз үшін маңызды жайт, құрылысы ұзаққа созылатын жаңа нысандардың және проблемалы үлестік құрылыстардың пайда болуына жол бермеу", – деп жазды Жеңіс Қасымбек.


Оқи отырыңыз: "Мердігер ұшты-күйлі жоқ болған". Қарағандыда 300-ден астам үлескер төрт жылдан бері салған ақшасын ала алмай жүр.


Құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын белгілі бір қатаң жағдайларда ғана қабылдай алады:

  • тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу,
  • екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу,
  • тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана үлескерлердің ақшасын қабылдау.