Тікелей эфир

"Мердігер ұшты-күйлі жоқ болған". Қарағандыда 300-ден астам үлескер төрт жылдан бері салған ақшасын ала алмай жүр

Халық сот орындаушылардың өзін сотқа берген.

Қарағандыда 300-ден астам азамат "Комфортный дом" тұрғын үй құрылысына салған ақшасын қайтара алмай жүр. Себебі бизнес санаттағы үйді екі жылда салып беруі тиіс болған мердігер компания өкілі ұшты-күйлі жоқ. Ал жоба жетекшісі қаржылық қиындықтарға байланысты берешіктерін толық өтей алмай отырғанын мойындайды, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы. 

Қаражаттарын төрт жылдан бері күте-күте шаршаған халық ақыры компанияны сотқа беріп, нәтижесінде, мердігерлер 385 үлескердің ақшасын қайтаруға міндеттелген. Бірақ сот орындаушыларының өзі үлескерлердің қаржысын өндіріп бере алмай отыр.

"Осы "Комфортный домға" 2020 жылы бес миллион теңге салдым. Міне екі ортада үш жыл өтті. Үш жылда біздің тұратын жеріміз жоқ. Әрине, бір бөлмелі пәтерімізді сатып жібердік, біз қазір квартира жалдап тұруға мәжбүрміз", – дейді үлескер Гауһар Әшкенова.

Ал "Комфортный дом" компаниясының өкілдері үлескерлерге қарызды бірден толық қайтарып бере алмайтындарын, тек бөліп өтейтіндерін тағы айтты. Осыдан төрт ай бұрын компания 385 азаматқа 200 миллион теңге берешекті жазға қарай толық өтеп береміз деген. Алайда, олар үлескерлерден тағы да уақыт беруді сұрады.


Оқи отырыңыз: Павлодарда тұрғындар сүрілген үйдің орнына берілуі тиіс пәтерге кіре алмай жүргеніне шағымданды


"Үлескерлерге ақшаны шамамыз жеткенше бөліп беріп жатырмыз. Жасыратыны жоқ, компанияда қаржылық қиындықтар болып жатқанын барлығы біледі. Құрылысты аяқтап бергіміз келеді, бірақ материалдар қымбаттап жатыр. Инвестиция да тарта алмай отырмыз", – дейді жоба жетекшісі Аманжол Райымқұл. 

Серіктестер жаңалықтары