2022 жылдың 11 қаңтарында Қазақстанда жаңа үкімет құрамы бекітілді. Ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика, әділет, денсаулық, ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет және спорт министрлері ауысты. Осы орайда Ranking.kz министрлердің жасы бойынша салыстырмалы анализ жасады.

Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгелі Қазақстандағы министрлердің орташа жасы 48,9 болды. Бір жыл бұрын 48 жас еді.

Ішкі істер министрінің жасы бәрінен үлкен: Ерлан Тұрғынбаев 59 жаста. Ол қызметке 2019 жылдың 12 ақпанында келді, мамандығы бойынша заңгер-құқықтанушы және экономист. Еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды облысы Саран қалалық атқару комитетінің ішкі істер бөлімі қылмыстық іздестіру жедел уәкілі лауазымынан бастады.

Сондай-ақ, жасы үлкен министрлер тізіміне индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев (57 жаста)  пен қорғаныс министрі Мұрат Бектановты (56 жаста) қосуға болады.


Оқи отырыңыз: Тоқаев жаңа үкіметтің құрамын бекітті


Ең жас министр Әлібек Қуантыров (38 жаста) ұлттық экономика министрлігін басқарады. Жас министр "Қаржы және несие", "Тіл және мәдениетаралық коммуникация" мамандықтары бойынша білім алған. Еңбек жолын 2005 жылы экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жетекші маманның м.а. болып бастаған.

Мұнымен қатар, ең жас министрлер үштігіне цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин (38 жас) мен білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов (39) кірді.

Еске салсақ, Тоқаев "кабинетін жылдар бойы босатпайтын" шенеуніктермен оңай қоштасу керек екенін айтқан болатын. Президенттің сөзінше, мемлекеттік басқару саласына кешенді реформа қажет.