Алматы облысының Көлащы ауылында бір отбасының төрт баласы мен отағасы белгісіз заттан уланып қайтыс болды. Олар түнгі ұйқыдан сол күйі оянбай қалған. Ал балалардың анасы ауруханада жатыр. Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады. 

Көлащы ауылындағы қайғылы жағдай тұрғындарды қатты есеңгіретіп тастаған. Таңертең көршісінің үйіне барған Сердалы Құлекеев қожайындарды ес-түссіз жатқан жерінен тауып алған. Дереу арада жиналған жұрт қолынан келгенше алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалуға тырысыпты. Бірақ, үйдің отағасы мен төрт бірдей баласы ес жия алмаған. Ал төрт баланың анасы қазір ауруханада жатыр. 

"Ол жерде жарты сағаттай уақыт жүрдім, массаж жасадым, бірақ ешқандай иіс сезбедім. Кейіннен ақырындап алып шықтық", – деді Сердалы Құлекеев.

Ауыл тұрғындары қайғылы жағдайға жедел жәрдем көлігінің кешігуі де себеп болуы мүмкін екенін айттты. Себебі, үйлері заңдастырылмағандықтан, жедел жәрдем көлігін көшенің бұрыш-бұрышынан іздеуге мәжбүр. 

"Жерді алғанымызға 12-13 жылдай уақыт болды. Көшенің аты әлі жоқ. Құжаттарын да істемеді. Жедел жәрдем шақырса, бір жарым сағаттай уақытта келеді", – деді Көлащы ауылының тұрғыны Жақсыбай Қаппаров. 

Ал Үшқоңыр ауылдық ауруханасының дәрігерлері төрт бала мен әйел адамды жедел жәрдем көлігі бірден ауруханаға әкелгенін айтты. Бірақ, балалар бір тәуліктің ішінде бірінен кейін бірі көз жұмған.

"Анализ нәтижесі бойынша карбокс гемоглобин жоғары екенін көрдік. Соған байланысты бізде осы анализге тұрақталдық. Көрсетілген көмекке қарамастан, төрт баланың өміріне араша болу мүмкін болмады. Аман алып қала алмадық. Қазір балалардың анасының жағдайы жақсы, тұрақталды", – деді "Үшқоңыр" ауылдық ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Жүзбеков.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жүректің кенет тоқтауынан қайтыс болатындар саны күрт өсті


Алматы облыстық полиция департаменті болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалғанын жеткізді. 

"Тергеудің толықтығы үшін Алматы облысының ТЖД зерттеу сынақ өрт зертханасы, газ қызметі және СЭҚ шақырылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер көміртегі тотығымен уланған", – деді Қарасай аудандық полиция басқармасының басшысы Айдар Умаров.

39 жастағы ер адам мен 15, 13, 10 және 5 жастағы балаларды отбасының жақындары мен ауылдастары жер қойнына тапсырды. Ал үрей үстінде отырған ауыл тұрғындары енді құжаттарды тезірек рәсімдеп беруді сұрайды.