ҰҒА академиктерін сайлау тәртібі өзгереді. Оған кімдер үміткер бола алады?
Алғашқы 5 академикті президент не оның тапсырмасымен ҰҒА жалғыз акционері тағайындайды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау тәртібіне өзгерістер енгізілді. Оның жобасымен Ашық НҚА порталында танысуға болады.
Ұлттық ғылым академиясының алғашқы бес академигін ел президенті немесе оның тапсырмасымен академияның жалғыз акционері, яғни Ғылым және жоғары білім министрлігі тағайындайды. Бұл бес академик академияның ауыспалы төралқаға мүше болады. Оған академия президенті (қазіргі таңда Күнсұлу Закария, 2023 жылы 12 сәуірде тағайындалды) жетекшілік етеді.
Құрылған ауыспалы төралқа академияның өзге академиктерін сайлау жұмысын ұйымдастырады. Ендігі уақытта академиктерді сайлау үш кезеңнен тұрады:
Бірінші кезеңде академик болуға үміткерлер ұсынған құжаттар ресми белгілер бойынша тексерілсе, екінші кезеңде бұл құжаттарға ауыспалы төралқа мүшелері терең сараптама жасайды.
Іріктеу кезеңдерінен өткен үміткерлер үшінші сатыда ауыспалы төралқа алдында өз бағдарламаларын қорғауы тиіс.
Оқи отырыңыз: Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесі қайта берілді
Академик болуға ниетті үміткерлер келесі талаптарға сай болуы шарт:
- Қазақстан Республикасының азаматтығы;
- Жасы 40-қта не одан жоғары болуы;
- соттылығының болмауы;
- ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы бар болуы;
- үміткер штаттық қызметкер болып табылатын немесе болып табылатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүргізуге аккредиттеу туралы куәлігі бар ұйымдарда кемінде 15 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
- ғылым және техника саласындағы беделді халықаралық және мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атағының болуы;
- ғылым және техника саласындағы беделді халықаралық және мемлекеттік стипендиялардың стипендиаттары болып табылатын;
- танылған халықаралық ғылым академияларына мүшелігі бар;
- ғылыми зерттеулердің маңыздылығының ғылымометриялық көрсеткіші (Хирш индексі) кемінде 7.
- еуразиялық және (немесе) халықаралық патенттердің болуы (қолданбалы ғылыми зерттеулер үшін);
- ғылыми кеңесші немесе басшы ретінде кемінде үш философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор не ғылым кандидаттары немесе ғылым докторлары даярлау тәжірибесі (қолданбалы ғылыми зерттеулер үшін);
- ғылымды қажетсінетін өнімді тіркеу туралы Мемлекеттік куәліктің болуы (режимдік ҒЗИ жұмыс істейтін ғалымдарға қолданылмайды);
- үміткердің үлесі кемінде 6 баспа парағын құрайтын ғылыми монографиялардың, оқулықтар мен оқу құралдарының болуы;
- Scopus және (немесе) Web of Science дерекқорының деректері бойынша бірінші және екінші квартильге кіретін рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдарда мақалалардың болуы;
- экономика секторларының дамуына және ғылымды танымал етуге елеулі ықпал еткен көрнекті ғылыми жетістіктердің болуы;
- бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жөніндегі ғылыми-техникалық бағдарламаларға және (немесе) халықаралық жобаларға, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жөніндегі жобаларға басшылық жасау тәжірибесі;
- ұйымды тиімді басқару тәжірибесі бар бірінші басшылар үшін пайда, рентабельділік, инвестициялар, ғылымды қажетсінетін өнім өндіру сияқты қызметтің оң нәтижелерінің болуы.
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 28 шілде.