ҰБТ-ға смартфон мен шпаргалка алып келген 146 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды
ҰБТ басталғалы шекті балды 78 пайызға жуық талапкер жинады.Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ өтіп жатқан үш аптаның аралық қорытындысын жариялады.
Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 127 мың реттен астам тест тапсырылған. Оның ішінде талапкерлердің 74 пайызы қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Бүгінгі күнге дейін шекті балды 78 пайызға жуық талапкер жинады. Әзірге ең жоғары баллды (137) бір талапкер жинаған. Орташа балл – 69 балл.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев үшінші аптада грантқа қатысты сұрақтар жиі қойылғанын атап өтті.
"ҰБТ-ның үшінші аптасында талапкерлер тестілеуді тапсырудың екінші мүмкіндігін пайдалануда. Сондықтан тестті екі рет тапсырғандар грант ұтып алу үшін қанша балл жинау керек деген сұрақ жиі қояды. Грантқа шекті балл деген болмайды және барлығы конкурсқа байланысты болады. Бірақ кем дегенде бағдар болу үшін оқуға түсушілер былтырғы нәтижелермен таныса алады. Мысалы, 2022 жылы "Стоматология" ББТ бойынша бір гранттық орынға 25 үміткер болған. Ал грант ұтып алғандардың орташа көрсеткіші 134 балды құрады", – деді Руслан Емелбаев.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға екі аптаның ішінде 370 талапкер қатысты.
Сонымен қатар үш апта ішінде смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 146 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 106 адам шығарылып, нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетейік, 31 қазанға дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылады.