ҰБТ: Ереже бұзған 396 талапкердің нәтижесі жойылды
Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 211 мың рет тест тапсырылды.Негізгі ҰБТ кезінде ереже бұзғаны үшін 396 талапкердің нәтижесі жойылды, деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.
Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 211 мың рет тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 74 пайызы — қазақ, 26 пайызы — орыс, 171 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
- ҰБТ басталғалы шекті балды 76% талапкер жинады.
- Орташа балға келетін болсақ, ол — 68 балл.
- Ең жоғары балл — 138, сегіз адам 137 балл жинады.
Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 18 пайызы — "Математика-Физика", 16 пайызы — "Биология-Химия" пәндер комбинациясын тапсырды.
15 пайызы — "Шығармашылық емтихан" комбинациясын таңдаған.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға бес аптаның ішінде 577 талапкер қатысты.
Осы аптада жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастап, 25 тамызға дейін оқуға түсуге құжат қабылдайды. Сонымен қатар "Педагогикалық ғылымдар" және "Денсаулық сақтауға" түсушілер үшін міндетті болып табылатын емтихандар басталды.
Жоғары оқу орындары 10 тамызға дейін шығармашылық емтиханға қатысуға өтініш қабылдап, емтиханның өзін 7 шілде мен 15 тамыз аралығында өткізеді. Грант конкурсына құжат қабылдау 13-20 шілде аралығында, ал төтенше жағдай жарияланған алты облыста (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан) 13-24 шілде аралығында жүзеге асады.
Бүгінгі таңда 396 ереже бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде 267 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 120 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
Бейнежазбаны тексерген соң ереже бұзған тоғыз адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.