Түркия астанасы Анкара қаласында алғаш рет қазақтың ұлттық сусыны қымызға арналған іс-шара өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.  Шараны ұйымдастыруға Түркиядағы ҚР елшілігі, ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымы және Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі мұрындық болған.

Ақпарат агенттігінің жазуынша, іс-шара Kazak obası деп аталатын аймақта өтіп, мұнда киіз үй тігіліп, қазанға арналған ошақтар қойылған.

"Түркиядағы мереке бие сауып, дәстүрлі сусынды дайындаумен есте қалды. Ұйымдастырушылар адамдарға қымыздың пайдасын түсіндіріп, аттарды жайлауға жаю құпияларымен бөлісті. Ал кілем тоқудың ұлттық техникасы бауырлас түрік халқында ерекше қызығушылық тудырды", – деп жазды ҚазАқпарат.

Қонақтардың қатарында жергілікті тұрғындар, саясаткерлер мен Түркия өнер қайраткерлерімен болған. Оларға Түркияның жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер достарына ұлттық тағамдар, салт-дәстүр туралы әңгімелеген. Сондай-ақ, қымыз мерекесінде әр киіз үйде дастархан жайылып, қонақтарға дәстүрлі қазақ тағамдары, оның ішінде ет пен палау ұсынылып, сыйлы қонаққа бас тартылды.