Арыс ауданы прокуратурасы агроөнеркәсіп саласында жүргізген тексеру барысында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру дерегін анықтады, деп хабарлайды прокуратура.

Прокуратура мәліметінше, "Ы" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы 2021 жылғы сәуір айында ақпараттық жүйеге кооператив атына 2470 бас аналық ірі қара малды және селекциялық жұмыстар жүргізу үшін 120 бас асыл тұқымды бұқаны жалға алғаны туралы жалған мәлімет енгізуді ұйымдастырған. Соның нәтижесінде мемлекеттен кооперативтің банктік есепшотына 24 700 000 теңге көлемінде субсидия аударылған.

Алайда тексеру барысында селекциялық жұмыстар іс жүзінде 18 бас асыл тұқымды бұқа мен 450 бас аналық ірі қара малға ғана жүргізілгені анықталған. Осылайша заңсыз алынған субсидия көлемі 20 200 000 теңгені құраған.

"Аталған факті бойынша іс Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағы (аса ірі мөлшерде алаяқтық) бойынша тіркелген. Сот үкімімен кооператив төрайымы кінәлі деп танылып, оған төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар бес жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. Заңсыз алынған қаражат толық көлемде өндіріліп, мемлекет кірісіне қайтарылды", – делінген хабарламада.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.