Астанада түркі әлемінің ортақ әліпби әзірлеу жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтіп жатыр. 

Түркі академиясының президенті Шаин Мұстафаевтың айтуынша, жаңа әліпбиге көшуді әр мемлекет өзі шешеді.

"Біздің міндетіміз – ұсыныстар пакетін әзірлеу. Егер кез-келген түркі мемлекеті осындай шешім қабылдаса, бұл ұсыныстарды әліпбидің ең оңтайлы, ұтымды нұсқасын таңдау үшін пайдалануға болады. Әр мемлекет алфавитті таңдап, қандай формада қабылдау керегін өз бетінше шешеді. Барлық мемлекет латын әліпбиіне көшсе, онда әліпбилердің барынша бір-біріне жақын, түрлі түркі халықтарының өкілдері үшін өзара түсінікті болғанын қалаймыз", – деді Шаин Мұстафаев.


Оқи отырыңыз: Филолог ғалым латын әліпбиі туралы: Қазақты қазаққа қосады


Оның айтуынша, зиялы қауым өкілдері әліпбидің ортақ ұқсастығы арқасында түрлі түркі мемлекеттерінде жарық көрген кітаптарды, еңбектерді еркін оқи алды.

"Бүгінде алфавиттер бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленетін болса, онда біздің халықтарымыз өзгенің әдебиетін, баспасөз хабарламаларын, жалпы жазба мәдениетін түсінуі өте қиын болады. Ал әліпбилер ұқсас болса, байланыс жақындап, арақатынас еркін болмақ. Бұл біздің халықтарымыздың мәдени жақындасуына және бүкіл түркі әлемінің мәдени интеграциясына мүмкіндік береді", – деді Шаин Мұстафаев.

Ол бұған дейін түркі халықтарының әліпбиін латынға көшіру мәселесі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында көтерілгенін атап өтті.