"Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ енді тұрғын үйге кезекке қоюға өтінімді қабылдамайды. Ал кезекке қою тек Egov порталында электронды түрде жүргізіледі. Портал арқылы кезекке қою үшін ЭЦҚ қажет. Кірістер, адрестік тіркеу, санатқа жататындар туралы барлық басқа деректер базаның өзінде бар. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қоры хабарлады.

Қай санаттарға жататын азаматтар кезекке тұра алады?

  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
  • жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • халықтың әлеуметтік осал топтары;
  • көпбалалы отбасылар;
  • мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлерге кандидаттар, ғарышкерлер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мемлекеттік сайланбалы қызметтерді атқаратын адамдар;
  • жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төтенше жағдай деп танылған азаматтар.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі


Халықтың әлеуметтік осал топтары дегеніміз кім?

  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
  • мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар:
  • қарт азаматтар;
  • жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар
  • көпбалалы отбасылар;
  • толық емес отбасылар;
  • I және II топтағы мүгедектер;
  • оралмандар;
  • экологиялық зілзала, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан үйінен айырылған адамдар;
  • мемлекеттік міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары.