Түркияның солтүстік-батысында жеті көліктің қатысуымен болған жол апатынан 10 адам қаза тауып, 59 адам жарақат алды. Бұл туралы TRT Haber хабарлады.

Белгілі болғандай, апат қою тұман салдарынан болуы мүмкін. Сакария губернаторы Яшар Карадениз зардап шеккендердің 10 түрлі ауруханада емделіп жатқанын айтты.

"Бәрі жеңіл көліктің жүк көлігімен соқтығысудан басталды деген болжам бар. Сосын оған басқа көліктер соқтығысқан. Зардап шеккендердің кейбірін көліктерінен түсіп келе жатқан жаяу жүргіншілердің артынан келе жатқан басқа көлік қағып кеткен болуы мүмкін деген болжам да бар. Қазіргі уақытта бұл алғашқы болжамдар және шешуші қорытындыны оқиға орнын зерттейтін мамандар мен біздің прокурорлар шығарады", – деді Яшар Карадениз.

Сакария қаласының бас прокуратурасының хабарлауынша, қадағалау органы жол-көлік оқиғасына қатысқан жеті көліктің, оның ішінде үш автобус пен бір жүк көлігінің жүргізушілерін ұстауға санкция берген. Қазірдің өзінде алты жүргізуші ұсталды. Ауруханаға жеткізілген зардап шеккен бір жүргізуші емделгеннен кейін қамауға алынады.


Оқи отырыңыз: Зерттеу қорытындысы: Қазақстанда жол апаты күзгі мезгілде жиі болады


Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа апат салдарынан 59 адамның 8-інің жағдайы ауыр екенін айтты.