Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі туристер көп баратын бес қаланың тізімін жариялады. 

5-орын. Ақтау

Фото: bowa-eurasia.com

Үздік бестікті қарт Каспидің ақмаржаны – Ақтау қаласы бастайды. 2023 жылы қаңтар-сәуір аралығында Ақтауға 220 660 қонақ барған. Ал жазға қарай, туристер тарапынан Маңғыстау облысының орталығына қызығушылық 20 пайызға дейін артып отыр. 

4-орын. Атырау

Фото: sportishka.com

Атырау қаласы да туристер саны бойынша алдыңғы қатарында. 2023 жылдың алғашқы төрт айында қалаға 305 460 қонақ барған. Мамыр айында мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өңірде "Сарайшық" визит-орталығы ашылды. Онда туристерге Қазақ хандығы, Алтын Орда және ежелгі дәуірдегі қалашық тарихымен танысуға барлық жағдай жасалған. Демек, жазғы маусымда Атырауға келушілер саны артады. 

3-орын. Шымкент

Фото: tengritravel.kz

Қонақжайлығы бойынша алдына қара салдырмайтын Шымкент туристер саны жағынан да көш басында тұр. Қаңтар-сәуір аралығында қалаға 346 280 адам саяхаттап барған. Мұнда кез келген турист көңілі қалаған демалысты таңдай алады. Киелі, тарихи орындарды аралап, шипайжайдағы демалыс немесе қалада жиі ұйымдастырылатын спорттық, мәдени-бұқаралар іс-шараларға қатысуына болады. 

2-орын. Астана 

Фото: tripplanet.ru

Елорда әкімшілік-іскерлік орталық қана емес, туристер жиі таңдайтын басым бағыттардың бірі. 2023 жылдың алғашқы төрт айында Астана 951 750 мейманды қабылдаған. Бүгінде мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен астана іргесінде еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы музей – Бозоқ қаласы салынып жатыр. Ол бас қаланың туристік бойтұмары ретінде қонақтар міндетті түрде тамашалауға баратын орынға айналады. 

1-орын. Алматы 

Фото: ticketon.kz

Тау-шаңғы курорттары, әсем табиғат, қолайлы климат пен қонақжайлық. Осы және басқа да артықшылықтары бар Алматы – еліміздегі бірегей туристік қала. 2023 жылдың алғашқы төрт айында оңтүстік мегаполиске 1 185 130 адам саяхаттап келген. Алматыға, әсіресе, шетелдік туристер жиі тоқтайды. 

2023 жылдың алғашқы төрт айында (қаңтар-сәуір) Қазақстанда 3,5 млн адам ел ішінде саяхаттаған. Бұл былтырғы осы мезгілмен салыстырғанда 36 пайызға артық. 

Мәдениет және спорт министрлігі ішкі туризмді ынталандыруға арналған бірнеше бағдарлама әзірлеп, іске қосты. Мысалы, Kids go Free бағдарламасы бойынша қазақстандықтар ел ішіндегі отбасылық демалысты тиімді жоспарлап, туроператорлардан туристік пакет сатып алғанда 30 пайызға дейін қаражат үнемдей алады.