Тікелей эфир

"Сырты бүтін, іші түтін". Атырауда мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы сын көтермейді

Атырауда мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа үйлерден пәтер алған тұрғындар шу шығарды.

Атырауда мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа үйлерден пәтер алған тұрғындар бір жылдан бері проблемадан көз ашпай келеді. Көпқабатты үйдің ауыз су мен кәріз құбырлары қайта-қайта жарылып, жертөле суға толады екен. Соның салдарынан кіре берістен шыққан жағымсыз иістен тыныс алу мүмкін емес, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Тұрғындар мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үйлерге 2019 жылы көшіп келген. Алайда, көп ұзамай қуанышы су сепкендей басылыпты. Себебі, бір жылға толмай жатып құбырлардан ақау шыққан. Әсіресе кәріз құбыры қайта-қайта жарылып, жертөле сасық суға толып қалған. Жиналғандар қысы-жазы жарылып, қырық жамалған құбырларды жаңасына ауыстыруды талап етеді. Оның үстіне қыста жылу дұрыс берілмейді, электр жарығы да жиі сөнеді деп ашулы.

"Үйді алғанда қуанғанмын, содан кейін басылып қалды қуанышымыз. Электр энергияның проблемасы басталды, сонымен кете берді ғой не керек. Әсіресе, труба бітеліп қалады. Оның бәрі ойын алаңына дейін жетті. Жақында бәрі қирап қалатын шығар. Өте қауіпті", – дейді Атырау қаласының тұрғыны Нұрсұлу Тілемісова.

298 пәтерлі тұрғын үй кезінде көпбалалы аналар мен медицина қызметкерлеріне берілген. Олардың қатарында екі бөлмелі пәтер алған Ғалия Жарылқапова да бар. Медицина қызметкерінің құрылыс сапасына көңілі толмайды. Айтуынша, ай сайын коммуналдық қызметке ақы төлейді, бірақ ешқандай мардымды жұмыс істеліп жатқан жоқ. Толған кәріз құбырларын өздері маман шақыртып сорғызады.

"Су, кәріз, жылудан жыл сайын проблема шығады. Медиктерге салынған үй дегенімен еш жағдай қарастырылмаған. Үнемі шақыру мен айту. Түк істеліп жатқан жоқ. Ендігі бар тілегіміз бәрін реттеп жасап берсін", – дейді Ғалия Жарылқапова.

Сапасыз құрылыстан әбден мезі болған жұрттың жанайқайын тыңдауға қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы келді. Айтуынша, жұрт айтқан олқылықтарды жөндеу үшін қазір арнайы сметалық жоба әзірленіп, қаржы қарастырылып жатыр.

"Сіздер айтқан мәселенің барлығын жобаға енгізіп қойдық, барлығы жасалады. Жұмыстар жиырмасында басталады, нақты қанша уақыт алатынын айта алмаймыз", – деді Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бақтияр Хамидуллаев.

Ал кезінде үйлерді қабылдап алғанда еш кем-кетігін байқамаған құрылыс басқармасындағылар қазір бар кінәні мердігерге жауып отыр. Компания басшысына ескерту бергенін, олқылықтарды қайта қалпына келтіренін айтып отыр.

Тұрғындар болса мемлекеттің миллиондарын алып, сапасыз құрылыс салған мердігер компанияны жауапкершілікке тарту керек екенін айтты. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары