Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді Қытай күнтізбесінің Жаңа жылы – Чуньцзе мерекесімен құттықтады.

"Мызғымас достық пен тиімді ықпалдастыққа негізделген сан қырлы қарым-қатынасымыздың тың қарқынмен дамып келе жатқаны қуантады. Осы игі іске Сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Қазіргідей құбылмалы кезеңде өзара қолдау көрсетіп, халықаралық деңгейде үйлесімді әрекет ете отырып, ортақ мүдделерімізді қорғаудың, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. Бұл бағыттағы Сіздің берік ұстанымыңызды толық құптаймын", – деп жазылған жеделхатта.

Президент ҚХР төрағасының жаһандық бастамаларына сәттілік, ал Қытай халқына бақ-береке тіледі.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы То Ламды Вьетнам күнтізбесінің Жаңа жылы – Тет мерекесімен құттықтады.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы жеделхатта еліміз Вьетнамды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастырып, өзара достық пен түсіністікке негізделген стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге айрықша мән беретінін жазған. Сонымен қатар ортақ күш-жігер жұмылдыру арқылы сан қырлы ықпалдастықты жаңа белеске көтеруге ниетті екенін жеткізген. Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламның аса жауапты қызметіне сәттілік, ал достас Вьетнам халқына бақ-береке тіледі.