Тоқаев: Салт-дәстүрмен тығыз сабақтасқан дәстүрлі исламды қадірлеу өте маңызды
Астанада имамдардың V республикалық форумы басталды.Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен "Имам – ізгі қоғам жаршысы" V республикалық имамдар форумы басталды, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
Форумның ашылуында ҚР мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын хатын оқып берді.
"Ислам – руханиятымыздың тірегі. Ата дініміз ізгілік пен адамгершілікке, жанашырлық пен жасампаздыққа негізделген. Осындай асыл құндылықтар қоғамда тұрақтылық пен татулықты нығайтып, елімізді өркендету ісінде айрықша рөл атқарады. Сондықтан салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасқан дәстүрлі исламды қадірлеу өте маңызды. Адамзат өркениеті ғылым мен технологияның дамуымен ғана шектелмейді. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, руханият саласына баса мән беруіміз керек", – делінген мемлекет басшысының құттықтауында.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстан – барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті
Президенттің сөзінше, мүфтият ел тағдырына айрықша ықпал ететін осы жауапты жұмысқа белсене атсалысып келеді. Ал имамдар халықтың діни сауатын арттыруға, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге және оны жат ағымдардың әсерінен қорғауға өз үлесін қосады.