Тоқаев мектеп оқушыларына сабақта телефон пайдалануға тыйым салатын заңға қол қойды
Заңда жетім балаларға арналған тәлімгерлік институтын енгізу де қарастырылған.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларға білім беру, тәлімгерлік және олардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Заңның негізгі міндеттері – жетім балаларға тәлімгерлік институтын енгізу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейту.
Заңда орта білім беру ұйымдарында смартфондарды пайдалану ережелерін бекіту қарастырылған. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты екенін, баланың ұялы телефонын мектепке әкеліп, үзіліс кезінде пайдалана алатынын түсіндірді.
Оқи отырыңыз: Мектеп оқушыларына сабақта телефон пайдалануға тыйым салынады: заң Тоқаевқа қол қоюға жіберілді
Сондай-ақ бірінші сыныпқа тестілеусіз қабылдауды, балабақшалардан орын берудің бірыңғай басымдығын қамтамасыз етуді, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, суицидке итермелейтін, діни сипаттағы және т.б. ақпараттың таралуына жол бермеу шараларын қабылдау көзделген.