ТМҰ Мүфтилер алқасы Құрбан айтқа қатысты пәтуа шығарды. 26 мамыр – Арапа күні
Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасының мәжілісінде биылғы Құрбан айт күндерінің мерзімі бекітілді. Оған сәйкес, 26 мамыр – Арапа күні, ал 27 мамыр – Құрбан айттың бірінші күні болып нақтыланды.
"Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады. Зулхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған", – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Айта кетейік, Арапа күні ораза тұту – сүннет.
Ал Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет.
Құрбан айт намазының уақытын ҚМДБ жақын күнде жариялайды.